Қазақстан мен Катар арасындағы сауда айналымы тарихи көрсеткішке жетті

Қазақстан мен Катар арасындағы сауда айналымы тарихи көрсеткішке жетті

Қазақстан мен Катар арасындағы сауда айналымы өзінің тарихи максимум көрсеткішіне жетті. 2023 жылдың 11 айында екі ел 9 млн 700 мың долларға сауда жасасқан. 1 жыл ішінде бұл көрсеткіш 2,5 есе өскен. Оның ішінде басым көпшілігі, яғни, 55% қазақстандық экспорт еншісінде. Рэнкинг.кз хабарлауынша, Қазақстан билігі Катарға отандық өнімді жеткізу көлемін арттырып, құны 243 млн доллар болатын 60 тауар түрін жеткізуді жоспарлап отыр. Портал мәліметінше, соңғы 9 жылда араб елінің Қазақстанға тікелей инвестициясының көлемі 60 миллион АҚШ долларға жеткен. Қос мемлекет тағы бірнеше инвестициялық бағдарлама жүзеге асырып жатыр. Катарлық инвестордың қатысуымен Ақмола облысында дәнді дақылдарды өңдейтін зауыт құрылысы жоспарланған. Оның құны 200 млн долларға бағалануда. Сондай-ақ, тараптар Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да уағдаласты. Одан бөлек, елімізде катарлық және қытайлық компаниялардың қатысуымен тікелей инвестиция қоры да ашылады. Ол сүт кластерін, өнім өндірісін, қайта өңдеу және экспортты дамытуды көздейді. Катарлық инвесторлар агросектормен қатар, туризм мен денсаулық сақтау саласына да қаражат салуға мүдделі екендігін мәлімдеді.