Қазақстанда археологиялық зерттеулердің алғашқы ғылыми жинағы жарық көрді

Бұл тек 2021 жылы Қазақстан аумағында зерттелген тарихи нысандар. Оның бәрі типологиялық және хронологиялық тұрғыда жүйеленіп, бір басылымға топтастырылды. Елімізде алғаш рет «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер-2021» ғылыми жинағы жарық көрді. Төл тарихты түгендейтін кітапқа елдің әр өңірінде бір жылда атқарылған қазба жұмыстарының нәтижелері, құнды жәдігерлер және оған қатысты ғылыми мақалалар енген. Бұған қоса, тұңғыш археологиялық зерттеулер картасы жасалды. 

Айбар Қасенәлі, ҚР Ұлтық музейі мәдени мұра ғылыми зерттеу институтының басшысы:

– Бұл тек қана сан емес, одан шығатын үлкен мәселелер бар. Мәселен, ол табылған нысандардан не табылды, олар қазір қай жерде сақтаулы? Соның орталықтандырылған мәліметтерін біз қайдан аламыз? Ондай ақпарат бізде жоқ өкінішке орай. Бұл сол мәселелерді шешудегі алғашқы қадамдардың бірі. Бұл ескерткіштерге Мәдениет министрлігі жауап береді ғой. Соларға арнайы жоба ретінде ұсынып, осыны жыл сайын шығарып отыруға, оның арнайы бір ақпараттық парақшасын шығаруды көздеп отырмыз.