Қазақстанда GPT чатының баламасы жасалуда

Қазақстанда мемлекеттік тілді қолданатын GPT чатының жеке баламасы жасалуда. Заманауи жүйені электронды үкімет жұмысында қолдану көзделіп  отыр. Нейрожүйе тәулік бойы азаматтардың құжаттарын рәсімдеп, барлық сұрақтарына дер кезінде жауап береді. Ол үшін мемлекеттік қызмет көрсету жүйелерімен цифрлық байланыс орнатады. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтуынша, отандық өнімде өзге жүйелердің жұмыстары қолданылмайды. Бұл жоба Қазақстанның жасанды интеллект саласына интеграциясын күшейтіп, өз үлесін қосуына арналған.

 

Рүстем Биғари, электронды үкіметті қолдау орталығының бас директоры:

 

–  Өзіндік GPT чаты секілді жекелей генеративті жүйелерді жасап шығару басты стратегиялық мақсатымыздың бірі десек болады. Бір жағынан халқымыздың 80% қазақ тілінде сөйлейді. Генеративті жасанды интеллект, қазақ LLM моделі осы мүмкіндіктерді кеңейтуге, екіншіден, көптеген кітаптарды, мемлекеттік қызметтерді, экономика саласын аударудағы кемшіліктерді жоюға көмектеседі. Сонымен қатар, еліміздегі бүкіл кітаптарды цифрландыруға болады. Ерекше кітаптардың өзі елімізде 130 млн жуық. Бірақ олардың бәрін сандық жүйеге келтіру, әрине, үлкен шығынды талап етеді. Сондықтан, бірінші кезекте адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға басымдық береміз.

 

Сарапшылардың пікірінше, GPT чатының баламасы технологиялар саласындағы ең үздік жетістік қана емес, цифрлық әлемде қазақ тілін қолдап, оның аясын кеңейте түсетін құрал ретінде танылуы мүмкін.

 

Рүстем Биғари, электронды үкіметті қолдау орталығының бас директоры:

– Менің ойымша, болашақта қазақстандық LLM уақыт өте әлемдік тіл модельдері жүйелерінің қатарына қосылады. Оның үстіне, олардың дамуына өз үлесін тигізетініне сенімдімін. Қазір Яндекс болсын, Гугл болсын, дәл сол GPT чатының да баламалары әлсіз екенін көріп отырмыз. Ал, Қазақстандық балама модельдің жасалуы, біріншіден нәтижені жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі тіл моделінің сәйкестігін әлдеқайда жақындата түседі. Яғни нақты әрі сапалы аудармамен қамтамасыз етеді. Ең бастысы, Қазақстан және жасанды инттелект саласында жұмыс істеп келе жатқан ірі компаниялар арасында коллаборацияға жол ашады деп санаймыз.