Қазақстанда МЖӘ тетігі қарқынды дамып келеді

Бір триллион теңгеден астам. Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тартылған инвестициялардың жалпы көлемі осындай. Айта кетерлігі, елімізде осы тектес серіктестік өмірдің барлық саласында қазір қарқынды дамып келеді. Аталған модель бизнес пен мемлекет арасындағы ықпалдастықтың табысты құралы ретінде танылып үлгерді. Бүгінде республикада мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 800-ден астам келісімшарты жүзеге асырылуда. Елордадағы жобаларға келетін болсақ, мемлекет пен бизнес 15 жоба бойынша бірлесе жұмыс жүргізе бастамақ. Оларға 57 млрд теңгеден астам көлемде инвестиция тартылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әсіресе білім беру саласында қарқынды дамытылуда. Мысалы, биылдың өзінде 4 жаңа орта мектеп ашылады. Нысандардың құрылысына 22 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Ержан Балтаев, «Astana Invest» ЖШС басқарма төрағасы:

- Көптеген кәсіпкер білім саласына әлеуметтік жоба ретінде емес, бизнес жоба ретінде қарай бастады. Қазір біздің портфельде осы бағыттағы бірнеше жоба бар. Оқушылар саны артып келеді. Оны білеміз. Сапалы білімге деген сұраныс та жоғары. Әр ата-ана баласының жақсы білім алғанын қалайды.

Айта кетерлігі, соңғы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі IT және қауіпсіздік секторларында да қарқынды қолданылуда. Табысты жүзеге асқан жобаның бірі – «Сергек» жүйесі. Оның арқасында елордалық көлік жүргізушілерінің ереже бұзуы азайып, жол үстіндегі апаттардың саны қысқарған. Мемлекет пен бизнес ынтымақтастығы аясындағы барлық жоба ел дамуына және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов