Қазақстанда тұрақты қаржыландыру нарығының көлемі $250 млн-нан асады

Қазақстанда тұрақты қаржыландыру нарығының әлеуеті артып келеді. Қазір оның көлемі 250 миллион доллардан асып жығылады. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында жақында құрылған Түркі жасыл қаржы кеңесі осы межені еселеп, қаржыландыру аясын кеңейтуге бағытталған. Бұл орайда, айта кетерлігі Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған кеңеске біздің елден бөлек 6 мемлекет кірген. Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Венгрия және Түрікменстан. Соңғы екі ел мүшелік етумен қатар бақылаушы қызметін атқарады. Бірлестіктің міндеті қатысушы елдерде жасыл қаржыны дамыту, экологиялық және әлеуметтік жобаларға инвестициялар ағынын арттыру.

Әсел Нұрахметова, АХҚО жасыл қаржы орталығы бас директорының орынбасары:

Жасыл қаржы кеңесінің  хатшылығы Астана халықаралық қаржы орталығының жасыл қаржы орталығында орналасатын болады.

Оны құрудағы басты мақсат - экологиялық және  әлеуметтік бағыттағы жобаларды қаржыландыру, орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, Париж келісіміне сай жұмыстар атқару, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін түркі мемлекеттері ұйымының өңіріне инвестиция ағынын арттыру. Ол үшін арнайы алаң қажет. Сондықтан осындай ортақ шешім шығарылды.

Кеңес хатшылығы қызметі жасыл қаржы орталығына жүктелді. Бұл таңдау бекер жасалған жоқ. Себебі, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аймағында жаһандық жасыл қаржы индексінде бұл орталық көшбастап тұр. Кеңеске әр мүше ел атынан жеке қаржы институттары мен ведомстволар өкілдік етеді.

Әсел Нұрахметова, АХҚО жасыл қаржы орталығы бас директорының орынбасары:

Мәселен, Венгрияда бұл жұмысты сол елдегі Орталық Банк, Қырғыз елінде Қырғызстан банктерінің одағы, Әзербайжанда Ұлттық экономика министрлігі жүргізеді. Яғни, әр елде бұл істі атқаратын түрлі қаржы институттары мен мемлекеттік органдар бар. Олардың барлығы ортақ шаруаны алдымен өз елдерінің деңгейінде ілгерілетеді. Кейін бұл ұйымдардың бастамаларын өңірлік кеңес халықаралық деңгейде дамытады. Себебі, әр тараппен тығыз байланыс орнайды. Сондықтан, ортақ шешімге әрбірі өз үлесін қосады. Жасыл қаржы кеңесі әлеуметтік облигациялармен бірге тұрақты қаржыландыру нарығының өсуіне жол ашатын болады.