Мұнайшылар жаңа Конституция жобасын талқылады

Мұнайшылар жаңа Конституция жобасын талқылады

Елде жаңа Конституция жобасын жан-жақты түсіндіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Мысалы ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында мұндай шара бесінші рет ұйымдастырылып отыр екен. Кезекті жиында жаңа Ата заңның мәтіні тілдік құрылым жағынан талқыланды. Сондай-ақ кездесу барысында оның негізгі бағыттары, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызы да айтылды. Толығырақ, әріптесім тарқатсын.

Өңір-өңірде жүріп жатқан саяси науқаннан Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының қызметкерлері де қалыс қалмады. Бүгінде бұл ғимаратта осымен бесінші рет жаңа Конституцияны талқылау, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр.

Жақсыбек Күлекеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының  кеңесшісі:

- Басым бөлігі Батыс Қазақстанда, Атырау, Маңғыстау облыстарында орналасқан. Одан бөлек, Шымкент, Павлодар қаласында біздің мұнай өңдейтін зауыттарымыз бар. Жалпы, Конституцияның жаңа мәтінін жасауға себеп болған нәрсе ол қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке өту керек болды. Оның барлығын қазір өздеріңізде жақсы білесіздер.

Сондай-ақ, бұл жиында Конституция жобасының мәтініндегі тіл тазалығы жайлы да сөз қозғалды.Негізгі міндет – қоғамда ашық диалог қалыптастыру және реформалардың мән-маңызын кеңінен жеткізу. Осы мақсатта жалпыұлттық коалиция мүшелері де елді-мекендерді аралап, шалғай өңірлердегі еңбек ұжымымен кездесулер өткізіп жүр.

Санди Сұлтан, тележүргізуші, Жалпыұлттық коалиция мүшесі:

- Мен бұл өзгерісті әлемдік деңгейде құпталатын тәжірибе ретінде қарастырамын. Мысалы, АҚШ-тың Конституциясына 27 рет, Франция еліне 27 рет, ал Германияныкіне 60-тан көп түзету енгізілген. Бұл барлық елде бар үдеріс. Ал енді осылай жандану кезеңіне аяқ басып отырмыз. Демек, әлем өзгеріп жатыр, біз де өзгеруіміз керек. Мықты, тәуелсіз, суверентті, шарықтап дамыған ел қатарына қосылуымыз үшін , ескі ережені өзгертуіміз керек.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, реформалардың мәнін терең түсінуге жол ашады. Осылайша жаңа бастамалар елдің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталып отыр.