2021 жылы қазақстандық бизнеске мемлекеттік қызмет толығымен онлайн үлгіде ұсынылады

altai-republic.ru

Қазақстанда келер жылы кәсіпкерлікке арналған қызметтер толығымен онлайн ұсынылады. Бұл үшін бірыңғай платформа құру көзделуде.  Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов парламенттік тыңдауда мәлім етті. Биылдың өзінде біршама қызмет электронды үлгіге көшірілді.

Мәселен, жылжымайтын мүлік мәмілелерінің қауіпсіздігі арттырылып, құрылыс кезіндегі бірқатар талап алынып тасталды. «Бизнеске арналған үкімет» онлайн-платформасы негізінде мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы іске қосылды. Онда жеке істі дамыту бойынша қызметтердің барлық түрін онлайн-режимде пайдалануға болады. Тұғырнамада 200-ге жуық мемлекеттік қызмет пен қолдау шарасы ұсынылады. Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 миллион 300 мыңнан асқан.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпорындар шамамен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл экономикалық белсенді халықтың 39 пайызын құрайды. Сондықтан осы саланың әлеуметтік маңызы өте зор. Президентіміз биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кешенді қолдау шараларын ұсынды. Пандемияға байланысты жеңілдікпен берілетін несие көлемі айтарлықтай ұлғайды. Несие төлемін 6 пайызға дейін төмендету үшін мемлекеттік субсидия беріліп жатыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов