Жаңа Қазақстан: саяси жүйедегі реформалар

Қазақстан енді суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенттік жүйеге көшеді. Халыққа Жолдауында «Саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын» ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді. Енді Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді иеленуіне заң жүзінде тыйым салынады. «Мемлекет басшысы барлық азамат үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс», – деп атап айтты Президент. Сондай-ақ ол Парламентте болатын өзгерістермен таныстырды. Мәжіліске заң қабылдау құзіреті беріледі. Ал Сенат заң жобаларын тек мақұлдайды немесе кері қайтарады. «Парламенттің төменгі палатасы елдің бүкіл электоралды ландшафтын көрсетуі тиіс» – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осылайша Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын қысқартамыз. Меніңше, бұл саяси да, заңды да тұрғыдан дұрыс. Бұл квота Сенатқа беріледі және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқарады. Соған орай Мәжілістегі депутаттық орынның жалпы саны қысқарады.

Сондай-ақ ауқымды өзгерістер Қазақстанның партиялық жүйесінде де орын алмақ. Бұдан былай саяси партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдетіледі. Тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендейді. Бұрын бұл шек төрт есеге артық болған. Бастамашыл азаматтар тобының саны 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады. Ал өңірлік өкілдіктердің саны 200 адамға дейін азаяды.