Түркияда этникалық қазақтардың жиыны өтті

Түркияда этникалық қазақтардың жиыны өтті

Алтайдан бастап Такламакан шөлі арқылы Гималай, Үндістан, Пәкістан,  Ирак  Түркияға  дейін. Қазақ тарихындағы ұлы көш  1952 жылы 13 наурызда  Түркияның бұрынғы Премьер-министрі Аднан Мендерестің қазақтарды қабылдау туралы шешімімен Анадолы аймағында тоқтаған еді. Осынау тарихи шешімнің 70 жылдығына орай түрік жеріндегі қандастар бас қосып, келелі жиын өткізді.  Шара  Қазақстан, Еуропа мен Түркиядан жиналған екі мыңға жуық қазақтың басын қосты.

Абдуллаһ Өздемир, Ыстамбұл бағжылар ауданының әкімі:

– Осындай ерекше шара ұйымдастырған қазақ бауырларымызға алғысымды білдіремін. Ыстамбулдың Зейтінбұрны, Бағжылар, Күчүк Чекмеже сияқты бірнеше ауданында қазақтар тұрады. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өзімнің де университеттен бері келе жатқан қазақ досым бар. Алдағы уақытта да қазақ бауырларымызбен байланысымыз нығая беретініне сенімдімін.

Берекет Четин, Қазақкент Алтай қоғамдастығы төраға орынбасары:

– Бұл жердегі мақсат үлкен ата- апаларымызды жастармен таныстырып, басын қосып, қазақшылықты үйретіп, қазақ рухын көтерейік деп отырмыз. Жас қоғамбыз. Құрылғанымызға үш жыл болды.

Ән мен күйден шашу шашылған жиында Алтайдан басталған тарихи көш туралы көрме көпшілік назарын аударды. Мұнда қасіретті жылдар мен тағдырлар туралы сыр шертетін сирек суреттер  қойылған.  Алдағы уақытта Түркияда тарихи көштің 70 жылдығына арналған бірнеше жиын ұйымдастыру жоспарда бар.