Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының vii съезіне дайындық

24.kz

Қазақстанда жылдың басты халықаралық шараларының біріне дайындық қыза түсті. Елордада қыркүйек айының ортасында ел Президентінің төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезі өтеді деп жоспарланған. Жиынға 60 елден 130-ға тарта  халықаралық делегация қатысады деп күтілуде. Қадірменді қонақтардың бірі - Рим Папасы Франциск болмақ. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі». Бұл кезекті бас қосудың бекітілген айдары. Жалпы биылғы кездесу 4 секциялық отырыс түрінде өтеді.  Қатысушылар бірқатар өзекті мәселенің басын қайырмақ. Атап айтсақ, білім беру мен діни ағарту ісі, рухани және моральдық құндылықтарды нығайту, әйелдің рөлі мен әлеуметтік мәртебесін көтеру және экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің тиімді амалдары талқыға түседі. 

Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы:

– Съездің беделі өсіп келеді. Онымен бірге  қатысушылардың саны да артып, қатарымыз үнемі толығып тұрады. Мен бұның бәрі алдымен Қазақстанның мәртебесі асып, осындай іс-шараларды өткізуге лайықты ел екеніне деген сенімнің айқын белгісі деп білемін. Ауқымды әрі маңызды шараның бізде өтуі бекер емес, бұл заңдылық. Себебі Қазақстан әрқашан түрлі діндерді тоғыстырған киелі жер болғанын тарих айғақтайды.  Басқа мемлекеттерден келген патриархтар, бас мүфтидер, қаншама елдің шіркеу басшылары өте көп. Сондықтан біз сапалық діни құрам тұрғысынан түрлене түстік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараға әлемдік БАҚ өкілдерінің қызығушылығы зор. Жиыннан  Euronews, CNN және Әл-Жазира сынды ірі медиакомпаниялар жаңалық таратуды жоспарлап отыр.

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов