IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан 9 медаль жеңіп алды

Түркияның Изник ​​қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық спортшылар тоғыз медаль жеңіп алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама 3 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлдені қанжығасына байлады. Отандық спортшылар қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату сияқты спорттың 5 түрінен өнер көрсетті. Қазақ күресінде палуандарымыз алты бірдей жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Дүбірлі додада 60 келі салмақта Марат Нығматуллаев алғашқы алтынын жеңіп алды. Ол финалда моңғолдың балуанын 2 минутта «таза жеңіс» әдісіне түсірді. Ал бұрымды балуандардан Зарина Сарипова қарсыластарынан озып шықты. Ол 65 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Еламан Қойшыбаев пен Рауза Нұрмұхамметова жеңіс тұғырының екінші сатысына орналасса, Мақсат Исағабылов пен Мөлдір Азамат қола жүлдегер атанды. Дәстүрлі садақ атудан қазақстандық Қасымхан Қанат финалда жеңімпаздан 2 ұпай ғана аз жинады. Қазақстан үшін ең маңызды жарыс көкпаршылардың сайысы болды. Турнирдің финалдық кезеңінде біздің спортшылар Қырғызстаннан келген қарсыластарын 4:3 есебімен жеңді. Ал көкбөрі ойынында біздің құрама екінші орыннан көрінді.