Оксфордта қазақ тілі оқытыла бастайды

Алдағы оқу жылынан бастап Оксфордта қазақ тілі оқытылады. Яғни, биылғы қыркүйектен ол әлемнің жетекші оқу орнының бағдарламасына қосымша пән ретінде енгізілмек. Арнамызға берген сұхбатында Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұған қажетті барлық тиісті келісімдер жасалғанын тілге тиек етті. Айтуынша, Оксфорд университеті жақында түркі тілдерін оқыту бастамасын қолға алған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Онда түрік және әзербайжан тілдерінен сабақ беріледі. Осы жоба аясында енді түркі тілдес қазақ тілін айналып өтпегені қуантады. Оксфорд университетінің жанындағы Уолсон колледжімен аспирантар, магистрантар, phd студенттері мен ғалымдар үшін  қазақ тілі ресми оқу жоспарына енетіні жөнінде келісімге қол қойдық. Бізге оқу бағдарламасын әзірлеуге аз уақыт қалды. Біз степендиялық «Болашақ» бағдарламасын қолданамыз. Бұл өте жақсы мүмкіндік.  Біздің ғалымдар қазақ тілінен сабақ берумен қатар, Оксфард университетінде арнайы тағлымдамадан өтетін болады.

Сондай-ақ, Саясат Нұрбек сұхбат барысында елімізде биыл бірқатар шетелдік университеттің филиалы ашылатынын айтты. Мәселен, былтыр ел аумағында әлемнің жетекші 8 оқу орнынның өкілдіктері құрылған. Мақсат – Қазақстанды аймақтың академиялық білім мен ғылым хабына айналдыру.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Өткен аптада біз Квинс жоғары оқу орнымен келісімге тұрдық. Бұл – Қазақстанда осы жылы алғаш болып өз өкілдігін ашатын жетекші британдық жоғарғы оқу орны. Сондай-ақ, енді бір үлкен жаңалық Алматыда Гонконг университетінін филиалы құрылады. Олар былтыр Сәтпаев университетімен келісім жасасты. Сонымен қатар осы жылы Таразда әлемге танымал ресейлік Менделеев атындағы химия-техникалық университетінің филиалы ашылады.