Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Қазақстанға оралды
Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елге оралды. Бүгін спортшыны жанкүйерлері мен туған-туыстары Астана әуежайынан күтіп алды. 80 келіде өнер көрсеткен Нұрбек Қазақстан ерлер құрамасынан жүлде алған жалғыз боксшы. Ол финалда украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді.
Жерлестерінің ыстық лебізінен кейін боксшымыз сайыста алған жарақаттарын ұмытып кеткен секілді. Себебі, қайтуға асықпай әуелі жанкүйерлермен суретке түсті. Кейін аз-маз тілдесіп, алдағы жоспарларын айтып, ағынан арылды. Нұрбек Оралбай «күміс-көңілімді күйреткен жоқ, керісінше жігерлендіреді» - дейді. Спортшымыздың ендігі көздегені – алтын.
Нұрбек Оралбай, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
– Бірер ай демалып, ем алып, жаттығуды қайта бастаймын. Алда әлем, Азия чемпионаттары бар.
Ел қоржынына қола медаль салған Назым Қызайбайды жанкүйерлері Алматы әуежайынан күтіп алды. Шашу шашып, домбырамен ән салып, құрмет-қошеметпен қарсы алды. Айта кетейік, бұл Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, Азия чемпионы атанған. Олимпиада жүлдегері енді әлемнің үш дүркін чемпионы болуды көздеп отыр. Боскшы қыз аздаған үзілістен кейін жаттығуға қайта кіріспек.

