Орақ науқаны қарқын ала түсті

Қазақстанда орақ науқаны қыза түсті. Бүгінде барлық өңірлерде егін жинау жұмыстары басталды деді, Үкімет отырысында еліміздің ауыл шаруашылығы министрі. Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, қазіргі таңда  ел бойынша барлығы 2,4 млн гектар аумақтан өнім жиналған. Негізінен ораққа түскені дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Жалпы өнімділік гектарынан 11 жарым центнерден айналуда. Нәтижесінде, 2,8 млн тонна астық бастырылған. Негізі биыл 24 млн гектар егіс алқабының 17 млн гектардан астамы дәнді-дақылдардың үлесіне тиесілі.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылық министрі:

-Егер дақылдар бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар дақылдар ретінде қарайтын болсақ, бидай жиналатын алаң 13,7 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 1,5 млн гектардан астық жиналды. Өнімділігі гектарына 11,8 центнер болып, 1,8 млн тонна астық бастырылды. 2,8 млн гектардан майлы дақылдар жиналуы тиіс. Бүгінгі өнімділігі гектарына 6,9 центнер болып, 34 мың гектардан жиналды. Картоп 188 мың гектар алаңнан жиналады. Өнімділігі гектарына 208,9 центнер болып 458 мың тонна жиналды. Көкеністер жиналатын алаң 164,8 мың га құрайды.Айта кету керек егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілді. Диқандар тыңайтқыштарды дер кезінде беріп, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді.

Биылғы өнімдер ішкі нарықты толығымен қамтып, артылғанын өзге елдерге экспорттауға  жетеді деп сендірді сала басшысы. Дейтұра, жауын-шашынға сараң болған осы жаз мезгілінде бірқатар шаруалар құрғақшылықтың құрбаны болғаны белгілі. Табиғаттың тылсым мінезінен зардап шеккен диқандар назарсыз қалмайды. Олардың шығындары өтеліп, субсидиялар алу үрдісі жеделдетіледі. Бұнымен қолдау шаралары шектелмейтінін жеткізді, Үкімет басшысы. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі :

-Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады. «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау қажет. Жалпы жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналатын болады.