Өзбекстанда «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды

Өзбекстанда бір ғасырлық тарихы бар «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды. 1921 жылдың 9 мамырында жарыққа шыққан басылымның 4 саны Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасында сақталып келген. Басылымның бас беті ғана бүтін жетіпті. Оны мамандар сирек әрі құнды жәдігерлер санатына жатқызған.

Махфуза Абдраимова, Ә. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасының жетекші маманы:

- Қайдан келгені, кітапханаға кім әкелгені белгісіз. Оны зерттеген ешкім жоқ. Бірақ бұл көне жәдігер болғандықтан, оны тиісті талаптарға сай сақтап отырмыз. Күн түспейтін, бірқалыпты температурасы бар бөлмеге қойдық. Бұл газеттің цифрлық көшірмесі әлі алынған жоқ.

Мерзімдік баспада төте жазумен қатар кирилл графикасын да кезіктіруге болады. Қазақстандық ғалымдар: «Бұл – Ахмет Байтұрсынов жасаған реформаға дейінгі кезең», – дейді.

Самал Төлеубаева, шығыстанушы:

- Байқасақ, ол кезде әлі кирилл қарпі бізде бекітілмеген. Мысалы, орысша жазылған сөздерінің өзінде қате бар. «Понидельник» деген, осындай мәселелер. Төте жазудың өзіне келсек, 29 жылғы. Яғни Ахмет Байтұрсынов реформа жасағаннан кейінгі жазудан сәл өзгеше. Мысалы мына жерде «ш» әрпі «ж» деп беріледі. Тағы басқа.

Мерзімді баспа 15 күнде бір рет 4 бағанмен шығып отырған. Сыртқы және ішкі хабарлар атты 2 айдары болған. Газеттің бұл санында сол кезде өткір тұрған мәселелердің бірі – қалың мал мен көп әйел алуға тыйым салу жайы  жазылыпты.  Сонымен қатар Ғали Жан деген автордың жастарға арнаған мақаласы басылған.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, Ә. Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Қазақ-қырғыз шәкірттеріне деген мақалада не айтқысы келген? Біз теңдік алдық, бостандық алдық, коммунистік партия бізге болашақты нұсқады деген кіріспемен маңыздылығын атап келіп, одан кейін енді жастар сендер оқуларыңды бітіріп, елге, ауылға қайтқалы тұрсыңдар. Ауылға қайтқанда ел арасында қандай кемшілік мінездер бар, қандай ерсі қылықтар бар? Қандай сіздер көріп тұрған келеңсіз жәйттер бар? Осының бәрін түзеуге күш салыңыздар. Оны бізге газет бетіне жазыңыздар деген үндеу тастаған.

Өзбекстанның кітапханасында жатқан қазақ басылымы құнды жәдігер санатында қорғалса да, әбден тозығы жеткен. Ендігі кезекте оның цифрлық нұсқасын жасап шығару мәселесі тұр.