Президент төрт елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Президент төрт елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақордада төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісі Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды. Олардың қатарында Кувейт Мемлекетінің елшісі Адель Ахмед Сулайман Әл Гунайман, Моңғолия елшісі Гунаажавын Батжаргал, Монако Княздігінің елшісі Мирей Мартини және Эль-Сальвадор Республикасының елшісі Юрий Павел Сантакрус Пердемо бар. Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Президент елімізде ауқымды реформалар іске асырылып жатқанына тоқталып, Қазақстан барлық елдермен конструктивті әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада БҰҰ аясында Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырылатынын жеткізді. Сол жиынға Моңғолия басшысы да қатыспақ.

Гунаажавын Батжаргал, Моңғолия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Мен үшін Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсыру өте абыройлы іс. Бүгінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы алыс-беріс артып келеді. Бұл байланыс Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі жыл бұрын Моңғолияға сапарынан соң беки түсті. Келеі аптада Моңғолия Президентінің Қазақстанға келетініне қуаныштымын. Астанада өтетін экологиялық саммит екі елдің достығын одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін.