Qamqor SOS: алғашқы цифрлық жедел медициналық көмек пункті іске қосылды
Толықтай цифрландырылған алғашқы медициналық пункт іске қосылды. Өз-өзіне қызмет көрсететін бірегей нысан Қонаев қаласындағы Қапшағай жағажайында орнатылған. Бұл — жергілікті әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасының бірлескен жобасы. Медициналық бөлімше тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Шағын модульдің іші заманауи дефибриллятор, хирургиялық құралдар мен шұғыл дәрі-дәрмектермен толықтырылған. Көмекке мұқтаж жан «SOS» батырмасын басса, диспетчер есікті қашықтан ашып, іштегі телемедициналық экран арқылы жедел жәрдем жеткенше науқасқа не істеу керектігін нақты уақыт режимінде айтып отырады. Толық автономды модуль жылына 12 ай, кез келген ауа райында жұмыс істеуге қауқарлы. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әзірге бұл модуль алғашқы, бірақ жыл соңына дейін облыс аумағында тағы 11 пункт ашу жоспарланған.

