Роза Бағланованың 100 жылдық меретойы халықаралық деңгейде атап өтіледі

Биыл Қазақстан аты аңызға айналған Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. ХХ ғасырдың көрнекті опера және эстрада әншісі ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосты. Жақында елордада КСРО және Қазақстан халық әртісінің эксклюзивті мүсіні таныстырылды.

Тәжен Бағланов, Роза Бағланованың ұлы:

- 100% ұқсастық деп айтсам болады. Мүсінді алғаш көргенде таңырқап қалдым. Жұбайым мен балаларым көздеріне жас алды. Біз мұнда анамыздың әшекейлерін, орамалдары мен сырғаларын қостық. Ол кісі маған ең біріншіден, ана болды. Жас кезімде оның қаншалықты үлкен тұлға екенін жете түсінбедім, тек жасым ұлғая келе анамның ұлылығына көзім жетті.

Айта кетейік, былтыр ЮНЕСКО 2022-2023 жылдарға арналған естелік даталарының тізімін бекітті. Оған қазақтың бұлбұлы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы енді. Атаулы датаға орай елімізде мерекелік шаралар легі басталады. Атап айтқанда, Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалшылар байқауы еліміздің бас қаласында өтпек. Қызылорда, Алматы, Мәскеуде концерттер жоспарланған. Атақты әншінің мерейтойы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде де атап өтіледі.