Сарапшы пікірі: Келер жылы Қазақстан экономикасы өсім көрсетеді
Қазақстан келер жылдан қайта дамудың даңғыл жолына түседі. Сарапшылар пікірі осыған саяды. Қауырт шақта жаһандық деңгейдегі сын-тегеуіріндерді оңтайлы еңсеріп, мәселені дер кезінде түйіндеу арқасында ел экономикасы қайта жандана бастады дейді экономист – Сапарбай Жұбаев.
САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
- Бізде өсім қазір басталды. Соңғы айларда біз пандемияны тоқтатқаннан кейін 3,5% дейін төмендесек, қазір 2,5% болды. Келесі жылдан бастап вакцина тарап, бәрі кеңірек жұмыс істей бастаса, халықаралық байланыстар орнына келетін болса, біз келесі жылдың ортасынан бастап, экономиканың дамығанын сезе бастаймыз. Ал экономиканы дамыту үшін инвестицияларды көбірек жасап, халық арасында шағын және орта бизнесті дамытуға көбірек көңіл бөлу керек. Кейін халыққа жәрдем ретінде олардың сатып алу қабілетін жоғалтпауымыз керек.
Мұнай бағасы құлдыраған сайын теңгенің долларға шаққандағы құны әлсіреп кеткені мәлім. Алдағы уақытта қара алтын бағасы тұрақталады. Мұнай экспорттаушы елдерде сұраныстың кез келген көлемін қанағаттандыратын ұсыныс баршылық. Сәйкесінше, ұлттық валюта бағамы қуаттана түседі деп пайымдайды, сарапшы.
САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
- Мұнайға сұраныс басталды. Мұнайдың бағасы кезінде 25-30 доллардан түсіп кеткен еді ғой. Енді менің ойымша, экспортты ынталандыру үшін оны соншалықты қуаттандырмастан 420-430-дың айналасында ұстап тұрсақ, мәре біздікі болады.
Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде мұнай мен газ өндірісін қоса алғандағы қазіргі үлесі 18% құрайды. Ал қара алтын мен көгілдір отын экспортының түсімдеріне келсек, өзге отандық өнімдерден қомақтырақ, шамамен 55-60% тиесілі.
Сапарбай Жұбаев бұл есені қайтару үшін сырт елдермен алыс-беріс саясатын әртараптандыру керектігін айтады. Тауар түрлерін ұлғайтып, оның айналым аясын кеңейту үшін бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдермен сауда-саттықты арттыруға басымдық беру керек. Бұл өз кезегінде басқа да салаларды дамытуға жол ашады дейді, маман.