Шаруалар мол өнім жинады

Шаруалар мол өнім жинады

Қазір еліміздің біраз өңірінде қар жауып, тайғақ басталды. Ал шымкенттік жұртшылық әлі егін жинап жүр. Мәселен, бүгін ғана мегаполистегі «Alsera KZ» заманауи жылыжай кешені іске қосылды. Тіпті кешеннің алғашқы учаскесінен қызанақ та жиналыпты. Шаруалар жылыжайдың ашылуын салтанатты түрде атап өтті. Ал шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен өзге де қонақтар қатысты.

«Alsera KZ» жылыжай кешенін еліміздегі ең заманауи нысандардың бірі деп айтуға болады. Өйткені мұнда ең соңғы цифрлық және автоматтандырылған технологиялар қолданылады. Кешеннің өндірістік қуаты - 155 мың тонна. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жобаға 650 миллион доллар жұмсалды. Ал қазір 14 гектар аумақты алып жатқан учаскеден алғашқы қызанақ өнімдері жиналды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жобамен арнайы танысып, жоғары баға берді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының дамуына барлық жағдайды жасалған. Соның ішінде инвесторларға ерекше көңіл бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Сол жерде қолдау жағы, біз 25 жылға налогтан босатып жатырмыз. Қаншама преференция жасап жатырмыз.Осы инвесторларды Қазақстанға тартуға.

«Alsera KZ» жоба аясында агроакадемиялық орталық салуды жоспарлап отыр. Онда халықаралық стандартқа сай зертханалар болады. Бұл аграрлық сектор үшін білікті мамандар даярлауға жол ашпақ. Кешен болашақта қаланы қызанақпен ғана емес, түрлі ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етпек.

Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

- Қала экономикасына 650 млн АҚШ доллары есептелетін бұл жобаны алып келген инвесторларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Қала тарапынан бар қолдау мен мүмкіндіктер жасалып жатыр, жасалады да.

Жобаның жалпы аумағы - 650 гектар, ал алғашқы кезеңін іске қосу нәтижесінде 208 гектарды алқап қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 40 гектарды аяқтау жоспарланған. Одан кейін 441 гектар жер пайдалануға беріледі. Қазірдің өзінде кешенде 800-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.