Шымкентте эковолонтерлер 46 тонна қоқыс жинады

Шымкентте эковолонтерлер 46 тонна қоқыс жинады

Биыл шымкенттік эковолонтерлер 46 тонна қоқыс жинады. Олар қала көшелерін сыпырып қана қоймай, қалдықтарды ретімен сұрыптап жатыр. «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – жастардың арасында экомәдениетті қалыптастырып, табиғатты қорғауға шақыру. Толығырақ тілші материалында.


Қолына күрек ұстаған бір топ жас қалалық саябаққа бет алды. Олар қураған ағаш жапырақтарын жинап, сенбілікке білек сыбана кірескен. Солардың бірі эковолонтер Сәбина Сағынтай. Ол бірнеше жыл қатарынан студенттердің басын құрап, қала тазалығын сақтауға сеп болып жүр.


Сәбина Сағынтай, «Таза Қазақстан» акциясының қатысушысы:


- «Қаламыздың тазалығы ең алдымен өзімізден басталады. Мен өз қаламды және өз елімді жақсы көремін. Сол себепті осы акцияға қатысып жатырмын».


Волонтерлер қоқысты жинап қана қоймай, реттілігіне сай сұрыптап та жатыр. Оны қайта өңдейтін орталықтарға өткізбек. Мұнда пластик, қағаз бен шынының түр-түрі жиналған.


Аружан Әлжан, Жастар ресурстық орталығы басшысының  орынбасары:


- «Металлургтер саябағы арнайы таңдалған жоқ, біз сенбілікті барлық жерде өткіземіз. Бұл — жай ғана кезекті парк. Бүгін бұл акцияға шамамен 40 волонтёр қатысты. Жалпы алғанда, жыл ішінде біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында 114 іс-шара өткізіп, 46 тоннадан астам қоқыс жинадық».


Қала саябағын тазалауға шамамен бір жарым сағат кетіпті. Осы уақыт ішінде жастар қалдыққа толы 40 шақты қапты жинап үлгерген. Тазалық сақшылары бұл осы жылдың соңғы сенбілігі екенін айтады.


Рақатбек Қарсанбек, волонтер:


- «Біз тек қала ішінде ғана емес, оның сыртында да тазалық жұмыстарын жүргіздік. Тауға да, қорықтарға да барып, тұрмыстық қалдықтарды жинадық. Бұл мен үшін республикалық акцияны қолдау ғана емес, азаматтық ұстаным».

Бұл сенбілік елдегі «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген. Басты мақсат – қоқыс қалдықтарының қар астында қалып қоймауын қадағалау. Әрі жастардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру дейді еріктілер.