Таяу Шығысқа аттанатын қазақстандық бітімгерлер арасында 7 әскери әйел бар

14-наурызда Сириядағы Голан шыңдарына аттанатын Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентінің құрамында 7 әскери әйел болады. Оның 4-і медицина қызметкері, 2 аспазшы мен бір снайпер. Олар ерлермен қатар    жарты жыл бойы жүктелген міндеттерді орындауға қажетті жауынгерлік және тілдік кешенді дайындықтан өтті. Бұған дейін де 7 қазақстандық әскери әйел әлемнің түрлі нүктесінде бітімгерлік миссияларына қатысты. Бұл жолы еліміз алғаш рет бітімгерлерін өз туымыздың астында жібермек. Бұл ретте осы күнге дейін барлық қазақстандық бітімгерлер шетелдік контингенттердің қатарында қызмет еткенін айта кеткен жөн.

Ардақ Куртибаева, санитарлық нұсқаушы:

-Осы бітімгершілік даярлыққа дейін біраз қорқыныштар болды. Бірақ осы 6 ай көлемінде даярлықты өткеннен кейін қазір мен бітімгершілік операцияға қатысуға қорықпаймын. Мен үшін  бітімгершілік операцияға қатысу ол мол тәжірибе және шет елде өзімнің мемлекетімді, елімнің әскери қызметшілерінің деңгейінің жоғары екенін көрсеткім келеді. Сонымен қатар бітімгершілік миссиясына өз үлесімді қосқым келеді.

Жалпы бүгінде Қазақстанның қарулы күштерінің сапында 12 мыңнан астам нәзік жанды қызмет етеді. Олардың 800-ге жуығы офицер шенінде, 6 мыңнан астамы келісім шарт бойынша және 5 мыңы азаматтық қызметкер ретінде тіркелген.