«Таза Қазақстан» экокөрмесі ашылды
Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады.
Іс шарада өзендерді қоқыстан арылту, ескі киімдерден жаңасын тігу, шиналар мен
шыныларды, қағаздар, пластиктерді өңдеу кәсіпорындарының жұмысы таныстырылды.
Жастармен кездесуде Мемлекет басшысы ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да
тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді.
Тазалық - халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін тағы еске
салды.
Асылбек
Тойбек, Тілші:
- «Таза
Қазақстан» акциясы экологиялық жобалардың жүзеге асуына серпін берді. Қоршаған
ортаны қорғау бағытында өнеркәсіп пен ғылым күш біріктірді. Бүгін солар
әзірлеген бірқатар жобалар президентке таныстырылды. Олардың ішінде Қалдықтарды
өңдеу, топырақты тазарту, абаттандыру секілді әртүрлі жұмыстар бар.
Бұл Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушылары Нұрбақыт Ермекұлы мен
Айзат Шаяхмет. Жас ғалымдар десек те болады. Екеуі Есіл өзенін қоқыстан
тазалап, қорғау жолдарын зерттеген.
Айзат
Шаяхмет, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей оқушысы:
- Осы
қоқыстардың барының басты күші – адамзат. Жаз мезгілінде жағалауға адамдар
демалуға келеді. Олар өздерімен бірге қоқыс қалдықтарын, сусын қалдықтарын алып
келеді. Ең өкініштісі олар осы қалдықтардың барлығын тиісті орынға емес, өзенге
тастайтыны...
Балалардың
бірегей жобасы Президенттің де назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы екеуінің
жобасын мұқият тыңдап, артынан ризашылығын білдірді.
Ал,
атыраулық оқушы Аружан Ғалымжан Президентке суды үнемдеуге үндейтін суреттерін
көрсетті. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша ұйымдастырылған шығармашылық
байқауға мыңнан астам оқушы қатысқан. Мемлекет басшысына байқау жеңімпазының
суреті салынған жейде мен шоппер сыйға тартылды. Сондай-ақ, өндіріс орындары да
экология мәселесіне қатысты жобаларымен бөлісті. Солардың бірі - мұнаймен
ластанған топырақты тазартатын тың технология.
Қанат
Айтуғанов, Экофестивальге қатысушы:
- Алматыда
орналасқан микробиология және вирусология институтының бірігіп жасаған
препараттары бар. Яғни мұнай қалдықтарын тазалайтын микробтар, бактериялар.
Қазақстандық өнім, осы жерде өндіріледі, оларды топыраққа әртүрлі заттармен
араластырамыз, Сосын автоматтандырылған жүйе осыған бар жағдайды жасайды.
Соңғы бес
жылда елімізде небәрі 60-қа жуық экологиялық іс-шара өткізілген болса, былтыр
олардың саны 3 есе артқан. Акцияларға 6 миллионнан астам адам атсалысыпты.
Тұрғындар көшелерден 1 миллион тоннадан астам қоқыс жинаған. Өңірлерде «Таза
өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты
ауқымды экологиялық шаралар жалғасын тауып келеді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Тазалық
әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза
Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас
келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы
біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі
бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.
Қасым-Жомарт
Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас
ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп атап өтті.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мысалы,
қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса
маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық
ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының
негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың
қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз
экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді.
Қазір
қоқыс үйінділерін анықтауға спутниктік технологиялар қолданылады. Соның арқасында
соңғы жылдары заңсыз тұрмыстық қалдықтар саны едәуір азайды. Мәселен, былтыр
шамамен 5 мыңға жуық қоқыс үйіндісі анықталып, оның 91%-ті жойылған. Өткен
жылдан бастап TazaQazBot телеграмм чат-боты іске қосылды. Оның арқасында
тұрғындар өз өңірлерінің экологиясы мен абаттандыру мәселелеріне атсалысты.
Ерлан
Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Чатқа бір
жылдың ішінде 16 мыңнан астам ұсыныс түскен. Сонда қарасақ, халық бүгін
түсінді. Өздері көптеген жағдайды өзгерте алатынын. Соның 14 600-і шешімін
тапты, биыл да сол жұмыс жалғасып жатыр.
Тазалық
акциясына еріктілердің қосып жатқан еңбегі ерен. Олар қоғамда экологиялық
мәдениетті қалыптастыруға нақты істерімен үлгі болып жүр. Іс шарада бірқатар
волонтердің еңбегі еленді. Тазалық Президент алғыс хаттар табыстады.
Ақерке
Ескендірова, Ерікті:
- Сіз үнемі
жастардың бойындағы үш қасиет - еңбек, білім, отансүйгіштік туралы айтасыз. Осы
құндылықтарды негізге ала отырып, өткен жылы біз өткен жылы алғашқы рет
Астанадан Алматыға дейін 1200 шақырым құрайтын жол бойын тазарттық. Осы жолы
біз акцияны Алматы Қызылорда бағытында жалғастырамыз. Осыған орай, өз
замандастарыма табиғатқа жанашырлық танытып, айналаға махаббатпен қарап,
экологиялық шаралардан тыс қалмауға шақырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілерге алғысын білдіріп, волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз деді. Мемлекет басшысы жастар ұсынған жобаларда туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынына назар аударды. Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.

