Tedx форматы: болашақ көшбасшылар жиналды

Tedx форматы: болашақ көшбасшылар жиналды

Бүгін Ақтөбеде жастармен ресми баяндамалар емес, өмірден алынған нақты оқиғалар арқылы әңгіме өрбіді. Аққағаз Досжанова атындағы конференц-залда өткен TEDx форматындағы кездесуде студенттер мен белсенді жастар ғылым, медицина және мемлекеттік қызмет саласында өз орнын тапқан тұлғалармен жүздесті. «Жастар және жалпыұлттық құндылықтар» тақырыбында өткен ашық диалогта болашақ мамандарға бағыт-бағдар беретін ойлар айтылды.

TEDx форматындағы кездесулер Ақтөбеде жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл жолғы басқосуға спикер ретінде - өз саласында жоғары жетістікке жеткен, тәжірибесімен танылған мамандар қатысты. Олардың қатарында отандық QazVac вакцинасын әзірлеуге жетекшілік еткен Күнсұлу Закарья, белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев және өзге де өңірдің білікті мамандары бар. Олар жастарға табысқа жету жолы кездейсоқ емес, үздіксіз еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі екенін айтты.

Сұлтанбек Қабдіманап, Батыс-Қазақстан медициналық университетінің студенті:

- Мұндай майталмандар, өз мамандығының майталмандары – олар көп уақыт бос болмайды. Сондықтан оларды қазіргі таңда бұл клнференцияға, бұл кездесуге шақырудың өзі – бұл біз үшін үлкен құрмет.

Кездесу барысында жастарға саналы таңдау жасау, адал еңбек ету, заң мен жауапкершіліктің маңызы жөнінде де айтылды. Өз өмірлік тәжірибесімен облыс әкімі Асхат Шахаров та бөлісті. Сонымен қатар, жастарға көрсетіліп жатқан нақты мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

Самғат Артықәлі, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Оның ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» - өңірімізде жастарға арналған гранттық, бірреттік қайтарымсыз гранттар. Әр жастың жасына, 20 жасқа 1 миллион 300 мың теңгеден гранттар бөлінеді. Одан бөлек «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы бар. Биылғы жылы 62 жасты тұрғын үймен қамтамасыз етеді деп отырмыз.

Кездесудің мақсаты – жалпыұлттық құндылықтарды жастарға түсіндіру, «Әділетті Қазақстан» идеясын дәріптеу және болашақ медицина мамандарының азаматтық жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ, «Еңбек адамы» мен «Таза Қазақстан» бағдарламалары аясында адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікке маңыз беру.

Авторы: Руслан Мұхамедьяров