Үкімет: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 7 млн адам қатысқан

Үкімет: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 7 млн адам қатысқан

Елде жүргізіліп жатқан ең үлкен науқанның бірі - «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы. Бүгін Үкіметте бұл шара шеңберінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Оған қарағанда, экоакцияға 7 млн адам қатысқан. Шамамен 900 мың тонна қоқыс жиналып, 1 млн гектар жер тазартылған. 3 млн ағаш отырғызылыпты. Сондай-ақ, жиында қоршаған ортаны қорғау жүйесін толық цифрландыру мәселесі қаралды. Қазірдің өзінде зиянды қалдықтарды бақылау үшін арнайы платформа іске қосылған. Сол арқылы орман өртін ерте кезеңде анықтауға, су тасқыны бойынша алдын ала болжам жасауға мүмкіндік туған. Бұдан бөлек, ғарыш мониторингі арқылы мыңдаған заңсыз қоқыс полигондарының бары анықталыпты. Экологиялық тәрбие жұмыстары да күшейтіліп жатыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде арнайы экологиялық білім стандарты әзірленіп жатқанын айтты.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Аталған бағыттардың бірі - экологиялық білім туралы стандарт әзірлеу. Оның негізгі мақсаты - білім мазмұнында экология тақырыбын жүйелі әрі терең енгізу. Баршаңызға белгілі Конституциялық реформалар аясында жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғау нормалары айқын бекітілген. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы экологиялық жауапкершілікті күшейтетін негізгі құқықтық негіз болып саналады

Премьер-министр әкімдерге ескерту жасады

Дегенмен, Премьер-министр Олжас Бектеновтің қолында басқа да бақылау қорытындылары бар. Үкімет басшысы кей өңірлерде «Таза Қазақстан» жоспары күткендей деңгейде орындалмағанын көрген. Сондықтан ол әзірге ұлттық жоспарды орындауға неқұрайлы қараған әкімдерге ескерту жасап отыр. Одан кейін әңгіме басқаша жүргізілуі мүмкін. Өйткені «Таза Қазақстан» акциясының астарында ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыру идеясы жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық министрлерге, әкімдерге айтарым, «Таза Қазақстан» ол бір күндік акция емес. Бұл мемелекет басшысы жариялаған еліміздің ұзақ мерзімді идеологиясы. Дәл осы тұрғыдан бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Ешқандай науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол берілмесін.