Маңғыстауда «Тазару күні» экологиялық акциясы өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасуда. Соның аясында Маңғыстауда Наурызнама шеңберінде «Тазару күні» өтіп, ауқымды сенбілік шарасы ұйымдастырылды. Аймақтағы елді-мекендердің бәрі оған қатысып, жасыл желектер отырғызды. Сенбілікке Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысқан.
Экологиялық акцияға үш мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, қала, аудан тұрғындары, этномәдени бірлестіктер, спортшылар мен еріктілер бар. Олар Каспий жағасын, елді мекендердің аумақтарын тазалап, қоғамдық орындарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Әсел Балманова, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызып, сенбілік ұйымдастырылды. Осылайша биылғы экологиялық науқанды бастадық. Экологиялық акция аясында қатысушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылып, тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан ұжымдар мен жекелеген азаматтарға түрлі номинациялар бойынша арнайы сыйлықтар табысталды.
Сенбілік барысында өңірде 344 ағаш көшеті отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарына 76 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 349 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы көлемі 70 гектар аумақ тазартылып, ретке келтірілді.
Есенқос Әділбаев, Маңғыстау облысы Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Аумақты тазалау және көгалдандыру, жасыл-желектерді отырғызу бойынша іс-шаралар жүріп жатыр. Қазір мына жерде бірнеше өндірістік мекемелер, мемлекеттік мекемелер толықтай қатысып жатыр. Өңір бойынша осымен қатар теңіз жағалауында санитарлық тазалау жұмыстарын бастап кеттік.
Экологиялық акция
аясында сүңгуірлер де Каспий теңізінің жағалау бойынан шамамен 50 метр және
көлденең бағытта 500 метрге дейінгі аумақты су асты қоқыстарынан тазартып,
теңіз экожүйесін сақтауға бағытталған жұмыстар атқарды.

