Үкімет басшысы «Ақ-ата» бұлағының көзін ашуға қатысты
«Мөлдір бұлақ» – қазір «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында осындай шара өтіп жатыр. Мақсаты - елдегі су көздерінің бәрін ашып, ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізу. Сондай шараның бірі бүгін Түркістан облысында ұйымдастырылған. Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлақ көзін ашу ісіне Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі қатысты. Тарихы сонау XVII ғасырдан басталатын бұлақтың жалпы аумағы 3,5 гектарды құрайды. Биыл жергілікті әкімдік осындай 1,5 мың бұлақтың көзін ашуды жоспарлаған. Экологиялық науқан 23 наурыз – «Тазару күнінде» басталған. Бүгінде экологиялық іс-шараларға 3800-ден астам адам тартылып отыр. Әсіресе, науқанға жастарды көптеп тартылуда. Өйткені табиғаттың келесі иесі – осы жастар. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, су ресурстарына ұқыпты қарауға олар қазірден үйренуі тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- «Таза Қазақстан»
бастамасы қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіре отырып, жалпыұлттық
қозғалысқа айналды. Бұл — нәтижелі, жасампаз патриотизмнің айқын үлгісі.
Бүгінгі таңда акция тек сенбіліктермен және ағаш отырғызумен шектелмейді.
«Мөлдір бұлақ» бастамасы табиғи бұлақтар мен су айдындарын қамти отырып, аясын
кеңейтуде, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызын жалпы
қоғамдық деңгейде көтеріп отыр.

