Үкіметте отандық ШОБ-ті мемлекеттік қолдаудың жаңа бағдарламасы ұсынылды

Үкіметте отандық ШОБ-ті мемлекеттік қолдаудың жаңа бағдарламасы ұсынылды

Қазақстанда шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа бағдарламасы әзірленді. Оның аясында кәсіпкерлерді субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қолдаудың өзге де тиімді шараларына біртіндеп көшу көзделген. Сондай-ақ, құжатта «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру жоспарланған.  Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға баса назар аударылды. Бұл жөнінде Үкімет отырысында бейінді ведомства басшысы Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Оның айтуынша,  бағдарлама 6 бағытты қамтиды. Жаңа жобаларды субсидиялау негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылады. Бұл ретте айта кетерлік жайт, бүгінде елімізде 4 млн 300 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36 жарым процентке дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ке дейін жетуі керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Жүргізіліп жатқан «таза парақтан» реформасы бизнесті белсендіру жолында ынталандырушы шаралардың тиімділігін арттырады. Бүгінгі таңда 9 мыңнан артық талап алып тасталды. Қалған 1 мыңға жуығы бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы шеңберінде алып тасталады. Бұл құжат қазір Сенат қарауында. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары енгізілді. Биылдан бастап бизнес әкімшілік жүктеменің төмендігін сезіну керек.