V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы атудан төрт спортшы бақ сынайды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Күні кеше ат үстіндегі мергендік сын – жамбы атудан Қазақстан құрамасы анықталды. Дүбірлі додада ел намысын 4 спортшы қорғайды. Олар бүгін Алматы облысындағы спорттық орталықта соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Түркістан облысының тумасы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына жолдама алғандардың бірі. Ол жамбы атудан ұлттық құраманың ең жас спортшысы. Былтыр Моңғолияда өткен әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленді. Сондай ақ, басқа да халықаралық жарыстарда топ жарған.
Батыр Бексауыт, жамбы атудан ұлттық құраманың мүшесі:
– Барымызды салып дайындалып жатырмыз. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – жауапкершілігі өте үлкен жарыс екенін бәріміз сезініп жатырмыз. Жеңімпаз атанып, қазақтың көк туын көкке желбіретіп, әнұранымызды көк аспан астында шырқатсақ деген арманымыз бар.
Көшпенділер ойынына құрама командадан төрт спортшы қатысады. Олардың барлығы дүбірлі додаға сақадай сай. Спортшылар түске дейін физикалық дайындықтарын пысықтаса, түстен кейін үш сағат бойы атпен жаттығады.
Қазір спортшыларымыз Алматы облысында дайындықтарын пысықтап жатыр. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.

