Жас ғалымдарға пәтер кілті табысталды

Жас ғалымдарға пәтер кілті табысталды

Ата заңның преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Сондықтан ғылым - экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Ол үшін мемлекеттік қолдау да барынша жасалып жатыр. Бүгін Президент Ақордада Қазақстанның ғылым саласында жүрген белді азаматтарды қабылдап, бірқатарына мемлекеттік награда табыстады. Пәтер кілтін алғандары болды. «Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет» деген Президент «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды. Айта кетейік, 12 сәуір Қазақстанда ғылым күні болып белгіленген. Зұлқарнай Ермұратұлы тарқатып айтсын.

Рахия Елназарқызы қазақ агротехникалық университетіндегі жас ғалымдар кеңесінің төрағасы. Ғылыммен айналысып жүргеніне он жылдан асқан. Агро сектордағы тың тақырыптарды зерттеп, еңбек жазып келеді. Бірнеше шетелдік газет-журналдарға мақалалары шыққан. Ал сол еңбегі еленіп Президенттің қолынан пәтер кілтін алып тұр.

Рахия Елназарқызы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жас ғалымдар кеңесінің төрағасы

- Эмоциямды жеткізе алмай тұрмын. Бұл өйткені әр жас ғалым үшін әр жас маман үшін таптырмас мүмкіндіктердің бірі. Қобалжып тұрмын. Қазіргі таңда бұл менің ең шабыттандыратын кезеңдерімнің бірі. Ақордада бірінші ретпін. Президенттің қолынан алып жатқаныма қуаныштымын. Бұл прям күшті эмоциялардың бірі.

Жеңісбек Төлен де қазақ ғалымының дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бірі. Джордж Вашингтон университетінде білім алған. АҚШ-тың зерделі зерттеушілерімен иық тіресе жұмыс істеп, The Diplomat журналына Қазақстанның сыртқы саясаты және Президенттің дипломатиялық шеберлігіне байланысты мақала жариялапты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. 

Жеңісбек Төлен, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бөлім басшысы:

- Әлеуметтік ғылымдарды дамыту бойынша бірнеше еңбектерді жазып, қазақ тілінде монография жазып, қазақ тілінде ғылымды насихаттауға өте белсенді қатысып жүрміз. Біреуі «Халықаралық қатынастарға кіріспе», екіншісі «Халықаралық қауіпсіздік» деп аталады қазақ тілінде. Және монографиям «Қазақстан азаматтарының саяси мәдениетінің ерекшеліктері».

Президент инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды ерекше назарға алған. Соңғы 5 жылда ғылымға бөлінген қаржы 6 есеге өскен. Елде зерттеу университеттерінің саны артып келеді. Енді, алдағы уақытта ғылыми жобаларға қаржы құятын кәсіпкерлерге салық жеңілдігі де қарастырылмақ. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Жас ғалымдарға өте үлкен қолдау көрсетіледі қазіргі таңда. Бірінішден, бөлек жас ғалым гранттары бөлінеді оларға. Мыңға жуық грант берілді жақын арада. Жас докторанттарға екі есе шәкіртақы ұлғайтылды соңғы үш жылдың ішінде. Қазір докторанттарымыз 242 мың теңге айлық шәкіртақы алады.

Ғалымдардың ашқан жаңалықтары зерханалар аясында қолып қоймауы керек. Керісінше ғылым саласы ел игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Сондықтан үкімет салаға мықтап ден қоюы қажет деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше.

Қолданбалы ғылымды дамыту – мемлекеттің алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі. Тіпті, осы бағытта қолға алынған жобалар да аз емес. Мәселен, Мемлекет басшысы былтыр University Medical Center орталығының дәрігерлері ALEM донорлық ағзаларды 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапқанын тілге тиек етті. Бұл өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс.

Ғылым дегенде әуелі Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламалар ойға оралады. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына кіреді. Әрі жастарға жол сілтейтін темірқазық іспетті. Сондықтан, Президент мемлекеттік наградалар қатарына «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды.