Жел электр станциясы салынады

Жел электр станциясы салынады

Араб компаниясы Жамбыл облысында жел электр станциясын салады. Бүгін мемлекет басшысы екі мемлекет арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Жел электр стансасының қуаттылығы – 1 ГВт. Ол табиғат күшінен энергия өндіруге, оны жинақтауға, жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осы жобаны іске асыру үшін Қазақстан Үкіметі мен Masdar компаниясы арасында келісім жасалды. Жоба Орталық Азиядағы «Жасыл энергетика» саласындағы ірі бірлескен бастамаға айналады деп күтілуде. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының дерегіне сенсек, өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 277,4 млн АҚШ долларын құраған. Әмірліктер импортының дені – құбыр мен мұнай өнімдері, қозғалтқыштар, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп тауарлары. Ал Қазақстанның экспорт позициясында күміс, инертті газ, қой еті мен бұршақ дақылы көш бастап тұр. Жаңа экспорт номенклатурасының да ауқымы кеңеюде: БАӘ-ге қазақстандық яхта, тыңайтқыш және болат бұйымдар жөнелтілді.