60 тұрғын жаңа жылды – жаңа үйде қарсы алады

60 тұрғын жаңа жылды – жаңа үйде қарсы алады

Ұлытау облысына қарасты Жәйрем кентінің тұрғындары жаңа баспанаға қол жеткізді. 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй «Казцинк» компаниясының қолдауымен бой көтерген. Көпшілікке бұл жай ғана қоныстой емес, жылдар бойы күткен маңызды сәт.  

Жаңа үйге қоныстанушылардың бірі -көпбалалы ана Жәудір Шербетова. Ол да, жұбайы да «Казцинк» компаниясында жұмыс істейді. 2016 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған Жәудір жаңа қонысқа қол жеткізуіне себепкер болған компания басшылығына алғысын білдірді.

Жәудір Шерімбетова, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбеккері:

- 2008 жылдан бері 17 жыл еңбек өтілі бар, өзім 2021 жылдан бері 5 жылдан бері еңбек етемін. 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрамыз. Бес баламыз бар. Осындай мүмкіндік бергені үшін «Казцинк» басшылығына өте ризамыз. Бөліп төлеу арқылы алып жатырмыз ешқандай пайызсыз.

Кент аумағында компанияның негізгі бөлімшелерінің бірі – Жәйрем кен байыту комбинаты орналасқан. Пәтерлердің көп бөлігі дәл осы комбинат қызметкерлеріне пайызсыз бөліп төлеу бағдарламасымен берілді. Ал қалған тұрғын үйлер білім беру мен медицина саласының мамандарына үлестірілді. Бұл – елді мекеннің тұрақты дамуы үшін аса қажет кадрлар.

Раиса Дюсебаева, «Казцинк» ЖШС еңбеккерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы:

- Ұлытау облысының әкімдігі мен «Казцинк» компаниясы басшылығы арасындағы меморандум аясында Жәйрем кентіне жұмыс істеуге келетін 20 жаңа медицина қызметкеріне пәтер сыйға берілді. Бұл қызметкерлеріміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – олардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, әл-ауқатына оң әсер етеді.

Инфрақұрылыммен толық қамтылған баспана Жәйрем кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.Компания мен жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік жобаларды қолдау жалғасын табады.

Авторы: Алтынгүл Мәжікен