Астанада түркі мемлекеттері ұйымының  X саммиті өтті

Астанада түркі мемлекеттері ұйымының  X саммиті өтті

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Мемлекет басшысы жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдірді. Бірінші кезекте еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бүгінде жаһандық державалармен терезі тең қарым-қатынас жасайтын толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-«Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық.

Қазақстан  Түркі мемлекеттері ұйымына «TURKTIME!» ұранымен төрағалық етеді. Бұл 8 басымдықтан тұратын аббревиатура. Оның әрқайсысына жеке мән беріледі. Олардың қатарында реформалар, инвестиция, медиация және біріздендіру бар. Соңғысының аясында Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттарын жүйелеуді ұсынды. Бастама өнімді еркін экспорттауға және тауарайналымын бір жарым есеге арттыруға жол ашады. Биыл қатысушы елдер арасындағы алыс-беріс 22 миллиард доллардан асты. Мемлекет үшін инвестиция да маңызды. Бұл ретте Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастамаға ұйымның барлық мүшелері қолдау білдірді. Өзгерістер ұйымның өзіне де әсер етуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Соңғы кезде біздің ұйымға халықаралық және аймақтық құрылымдардың қызығушылығы арта түсті. Біз Экономикалық ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдаймыз. Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыспен бірге күресу туралы келісім жасауды ұсынды. Президент медиацияның да рөлін арттыру қажет деп атап өтті. Осы орайда, мемлекет басшысы Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсететінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды.

Саммит қорытындысы бойынша Астана Актісі, Декларация, көлік байланысы бағдарламасын іске асырудың жол картасы және  басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды. Ұйымның келесі отырысы 2024 жылы Қырғызстанда өтеді.