Comic Con Astana 70 мың көрерменді жиды

Comic Con Astana халықаралық фестивалі мәресіне жетті. Ауқымды шара бұл жолыда комикс, кино, видео ойындар және аниме бағытында әлемге жаңа туындылар сыйлады. Қалың жұртқа жол тартқан тың дүниелердің қатарында отандық өнімдер де аз болмады. Гик мәдениетін кеңге насихаттайтын дәстүрлі шара креативті индустрияның дамуына да қомақты үлес қоспақ. Фестивальдің бас хедлайнердің бірі, «Галактика сақшылары» жұлдызы – Майкл Рукер арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында осындай оймен бөлісті.

Майкл Рукер, актер, Сomic Сon Аstana хедлайнері:
- Біз компьютерлік графика, арнайы эффектер арқылы комикс кейіпкерлеріне жан бітіріп кино әлеміне тың дүниелер әкеле аламыз. Қазір киноөндіріс саласында дәл осы бағытта ілгерілеушілік байқалады. Яғни, таңғажайып кейіпкерлер мен қаһармандарға сұраныс артқан. Алайда, дәстүрлі киноөндіріс ұмыт қалмайтыны сөзсіз. Актерлер, режиссерлер мен жазушыларда заман ағымынан қалмай өз бағытында жұмыс жасап келеді. 

Кезекті Comic Con-да осыны аңғартты. Бүгінгі таңда шытырман оқиғалардың таңғажайып кейіпкерлерінің сан түрі бар. Шара аясында ұйымдастырылған Комикс авторларының аллеясында бұған көз жеткіздік. Барлығы 150 автор төл туындыларын таныстырды. Араларында мен мұндалап тұрған қазақстандық өнімдердің қарасы қалың болды.

Әйгерім Әбдраманова, анимациялық студияның продюсері:
- «Адамтас» және «Жастық шақ» деген екі комикстің тұсаукесері. Қазақ және ағылшын тілдерінде шығарамыз. Тиражын арнайы Comic Con-ға алып келдік. Жақында онлайн шығарамыз.

Рүстем Сламхан,  киностудияның маркетинг бойынша директоры:
-Қазір «Батыр из прошлого» деген фильм түсіріп жатырмыз. Ол қазір пост - продакшенда.  Осы жылы желтоқсанда шығады. Соған қатысты біз комикс шығарып жатырмыз.  

Жергілікті комикс сүйер қауым бұл жерден әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліндегі тәржімаланған үлгілерінің түр-түрін таба алды.   

Абылай Сұлтан, баспа үйінің аудармашысы, суретшісі:
-Әлемдік бестселлерді қазақи нақышта қазақ қауымына түсінікті болу үшін әдемілеп аударатын компаниямыз. Жақында Гарри Поттердің барлық 7 бөлімін толық қазақша аударып шықтық. Олар үлкен сұранысқа ие. 

Comic Con Astana гик-мәдениетіне қызығушылықтың артып келетінін тағы бір танытты. Елордалық фестиваль ауқымы биыл біршама кеңейіп өз аумағына 70 мың көрерменді жиды. 4 жыл бұрын олардың қатары 20 мыңға аз болған.