Электромобильдер туралы заң жобасы мақұлданды
Қазақстан тоқпен жүретін көліктердің нарығын дамыту және
ол үшін қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуға ниетті. Еліміздің депутаттары осыған
қатысты бірқатар заң жобасына бастамашы болып отыр. Мәселен, жолдың құрылысы
жобаланған кезде электрмен қуаттау бекеттеріне арналған орындар қаралуы тиіс.
Олар жол бойындағы міндетті қызметтердің санатына жатқызылады. Бұған қоса
еліміздің қалаларында электр қозғалтқышы бар көлік құралдары тегін тұрақпен
қамтамасыз етілетін арнайы орындар пайда болады. Ал ондай жерге
жанар-жағармаймен жүретін темір тұлпар қойылса айыппұл салынады. Мәжіліс
экологиялық таза көліктерді ынталандыру және электр қуатымен жүретін
көліктердің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне қатысты осы және өзге де
заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда
мақұлдады. Сондай-ақ құжатқа «гибридті автомобиль» және «электрлі мобиль»
ұғымдары енгізілген. Бұл осы көлік түрлерінің заңдық негізде ара жігін анықтауға
мүмкіндік береді. Депутаттық түзетулерге
сәйкес, енді орталық энергия көзімен
жабдықтау желілеріне шығу мүмкіндігі бар ерекше қорғалатын аумақтарда да
тоқпен жүретін көліктерді қуаттандыруға болады. Мәжілісмендердің айтуынша,
жалпы заң жобасы еліміздегі парниктік газдар шығарындыларын азайту стратегиясын
іске асыру аясында әзірленген.
Арман Қалықов, ҚР Мәжіліс депутаты :
-Қазір біз бұл көліктердің санын арттыру мақсатында
инфрақұрылымдық мүмкіндіктер жасап жатырмыз, бірінші кезекте бұл біздің
қалаларымызға экологиялық жүктемені азайтады. Шаһарлардағы атмосфераны ластайтын
барлық шығарындылардың 5% -ы көлікке тиесілі. Ал мегаполистерде бұл көрсеткіш
еселене түседі.
Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар
вице-министрі:
-Қазақстан 2060 жылға дейін төмен көміртекті даму бойынша
Париж келісіміне қол қойды, желтоқсан айында Дубайда климаттың өзгеруі
жөніндегі конференция өтті. Онда қатысқан бірқатар елдер міндеттемелерін
мойнына алды, яғни бұл біздің еліміз келіскен және міндеттемеге алынған
жоспарларды іске асыру үшін қажетті тетіктердің бірі.

