Халықаралық волонтерлер жылы

Халықаралық волонтерлер жылы

Бүгін Елордада еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенді волонтерлер бас қосты. Жиынға Мемлекет басшысы қатысып, әр салада жүрген жаңашыл жастардың пікірін тыңдады. Айтылған ұсыныс аз болған жоқ. Экология, білім беру, медицина және тағы бірқатар саланы қамтыды. Президент өз сөзінде бүгін көтерілген бастамалардың ешқайсысы елеусіз қалмайтынын айтты.

Қазақстанда зияткерлік волонтерлік дамып келеді

Зұлқарнай Ермұратұлы, Тілші:

- Бұл бастаманы мемлекет басшысы БҰҰ 75-ші бас Ассамблеясында көтерген болатын. Бүгінде ол жаһандық қолдау тауып, биылғы жыл халықаралық деңгейде волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын көрсетеді. Ал, жаңа бастама жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа жетелейді.

Тахмина Рамани қайырымдылық жасауды бала күннен армандаған. Қазір игі істің басы-қасында жүретін клубтардың бірінде волонтер болып еңбек етеді. Олар уақытынан бұрын дүниеге келген балаларға арнап киім тоқиды. Бұл киімдердің ерекшелігі сол, баланың жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі. Клуб 14 жылда ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеріліп үлгерген. Қазір Германия, Эстония, Латвия сынды 14 мемлекетте филиалдары бар.

Тахмина Рамани, Ерікті:

- Қазіргі таңда Қазақстанның 19 қаласында және дүниежүзі бойынша 14 елде жұмысымызды белсенді атқарып жатырмыз. Әрбір қаланың өзінде клуб бар. сол клуб, сол қаланы қамтамасыз етіп отырады. Біз тегін таратамыз. Бұны біз ешқашан сатпаймыз.

Жақсылық жасау үшін міндетті түрде мұқтаж жанның үйіне бару маңызды емес. Қазір елде интеллектуалды волонтерлер қатары артып келеді. Бұл еріктілік қызметтің жаңа бағыты. Яғни, жастар ғылым-білім, ІТ саладағы білген-түйгенін басқаларға үйретеді. Үйінен шықпай-ақ, онфлайн форматта көмек қолын созады. Бүгінде 700-ден астам волонтер осы тәсілмен жақсылық жасап жүр. 

Айнұр Аймурзина Dosco қоғамдық қорының директоры:

- Біздің еріктілер Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жұмыс жасайды. Қызметтің барлығын тегін көрсетеді. Әрқайсысың кем дегенде екі дипломы бар. барлығының көздегені бір. Жақсылық жасау. Мәселен, біздің тобымыздағы ІТ маман Атыраудағы ерекше күтімді қажет ететін баланың ата-анасына сайт жасауға көмектесті.

Елде волонтерлерге арналған цифрлық платформа жасалады

Елде волонтерлерге арналған цифрлық платформа жасалады. Осылайша белсенді жастардың жұмысы жасанды интеллект арқылы жүйеленеді. Президент волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Ол үшін салаға жасанды интеллекті жүйесін енгізу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек. Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек.

Азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет

Сондай-ақ, халықаралық ықпалдастықты арттыру да маңызды міндет. Осы тұста, Президент биыл қазақстанның бастамасымен ТМД-ға мүше елдер волонтерлерінің алғашқы форумы өтетінін айтты. Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкіметке жаңа мазмұнды құжат әзірлеу міндеті жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру да маңызды бағыттардың бірі. Бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық. Бүгінде еріктілер елді-мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды.

Еріктілердің ерлігі сын сағаттарда сыналды. Әсіресе, пандемия кезіндегі кей азаматтардың көзсіз батырлығына бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Ал, алапат тасқын кезінде олар құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Қазір елде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп келеді. Еріктілердің саны соңғы 5 жылда 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есе көбейіп, 800-ден асты.

Авторы: Зұлқарнай Ермұратұлы