Ирандық реставраторлар қазақстандықтарға шаберлік сабақтар өткізеді

Ирандық реставраторлар қазақстандықтарға шаберлік сабақтар өткізеді

Қазақстан мен Иран арасында көнені жаңғырту қамында әріптестік орнады. Отандық реставраторлар ирандық әріптестерінен каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнерін үйренеді. Шетелдік сарапшылар бір апта бойы Астанадағы Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында еліміздегі мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар мен ғылыми орталықтардың 40 қызметкеріне шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізеді. Мұсылман елі  шеберлері  арасында өткеннен сыр шертетін аса құнды көне қолжазбалар мен басылымдарды каталогтау, яғни жинап-жүйелеу, цифрландыру және қалпына келтіруге машықтанған  мамандар да бар. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстандағы Иран елшілігі бірлесе ұйымдастырған мәдени шараның аясында арнайы көрме де қанат жайды. Онда ислам республикасының ертеден тамыр тартқан дәстүрлі каллиграфия өнерінің бірегей туындылары қойылған. Шеберлік сабақтарына қатысушылар біліктілігін артырғаны жөнінде арнайы  халықаралық сертификаттарға ие болады.  

 

Жандос Болдықов, «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығының директоры:

-Ирандық тараппен жақсы қарым-қатынас орнаған. Бұған дейін біздің кітапханашылар мен мұрағат қызметкерлерінің бірнеше легі Иран еліне барып, біліктіліктерін арттырды. Олар 10-15 күндік оқу курстарын тегін меңгеріп қайтты. Біз осы бағыттағы әріптестікті үзбей дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бағдарламалар кеңейтіліп,  оқудың уақыты ұзаратын болады. Реставрацияға қатысты Түркиямен де тығыз байланыс орнаған. Бір рет Оңтүстік Корея еліне де бардық. Ресеймен де осы бағытта келісімдер бар.