Қазақстандық аспаздар әлемдегі ең беделді ұйымға мүше атанды

Әлемдегі ең таңдаулы аспаздардың басын біріктіретін ұйымға енді Қазақстан да мүше. Елімізде Disciples Escoffier Kazakhstan қауымдастығы ресми түрде ашылды. Қазақстан Эскофье Ізбасарлары қауымдастығына 38-і мүше ел ретінде тіркелді. Бүгінде оның құрамында 10 мың таңдаулы аспаз бар. Қауымдастыққа мүше ас шеберлерінің 80%-і Мишлен жұлдызының иегерлері. Енді олардың қатарына қазақстандық гастрономияның бірнеше ас шебері іріктеліп алынды.

Ержан Пазылов, Disciples Escoffier Kazakhstan қауымдастығының бас хатшысы:

-Эскофье ізбасарлары қауымдастығына мүше аспаздардың көмегімен технологиялық колледжде шеберлік сағаттарын ұйымдастырылады. Өз кезегінде бұл біздің студенттерге кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Ұйымға мүше аспаздарда кәсіби біліктілік, өздерінің дәстүрлері мен мол тәжірибелері бар. Осының барлығын біз де колледж базасында меңгеруді көздеп отырмыз.

Шараға арнайы Франция президентінің гастрономия мәселелері бойынша жеке өкілі - Гийом Гомес те келді. Өмірін осы салаға арнап, 20 жылдан астам уақыт бойы Елисей сарайында қызмет еткен майталманның сөзінше, дәмі тіл үйірер қазақ ұлттық тағамдарын әлемге таныту керек. Осыған орай тараптар арасында бірқатар меморандумдар мен келісімдер қол қойылды. Өз кезегінде бұл елімізде туризм саласын дамытуға септігін тигізеді.

Гийом Гомес, Франция Президентінің гастрономия мәселелері бойынша жеке өкілі:

-Жалпы, қазақ асханасы өте бірегей, ерекшеліктері өте көп. Тағамдардың жасалу әдістері отбасыдан-отбасыға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген. Аспаздардың өздері осыны түсінгені абзал. Сонымен қатар, әр аспаз өзінде мүмкіндік болған жағдайда шетелдіктерге қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынса болғаны. Себебі, бұл тағамдар керемет. Осылайша, неғұрлым көп шетелдіктер қазақ асханасы туралы біле бастайды.