Қазақстан инвестиция тарту бойынша әлемнің озық 50 елінің қатарына кірді

Қазақстан инвестиция тарту бойынша әлемнің озық 50  елінің қатарына кірді

Қазақстанда инвестициялық жобаларды реттеп, олардың жүзеге асырылуын қадалауға арналған цифрлық тұғырнама құрылды. Әзірге пилоттық режимде іске қосылған жүйені биылдың алғашқы тоқсанында толыққанды қолданысқа беру жоспарланған. Бұл жөнінде елордада инвесторларды қолдау форумында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Президент тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін елге кемі 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті тұр. Былтыр тек өндірістік салада шетелдік капиталдың қатысуымен 47 ірі жоба жүзеге асты. 50 елмен инвестицияларды қорғау бойынша келісім жасалды. Таза  инвестициялық ағын 83% ұлғайған. Нәтижесінде Қазақстан сырттан қаржы тарту бойынша әлемнің 50 озық елінің қатарына кірді. Бұл ретте еліміз поскеңестік кеңістік пен Орталық Азия елдері арасында жетекші орынға ие. Қазақстан өз экономикасына қаржы құюға ниет білдірушілерді қолдау мен қорғау шараларын одан әрі жетілдіруге басымдық береді. 

 

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары:

 


-Инвесторлардың мемлекеттік органдардың жұмысына шағымдарын қараудың тиімділігін арттыру және олардың мәселелерін сотқа дейін шешу мақсатында инвесторлардың құқықтары мен заңды мүделеррін қорғайтын ведомствааралық комиссия құрылды. Бүгінгі таңда инвестициялық жобаларды жасыл дәліз негізінде қолдаудың жаңа механизмі әзірленуде. Бұл тетіктің басты артықшылығы  инвесторларға инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті барлық үрддістерді жылдам әрі жеңілдетілген түрде өтуге мүмкіндік береді. Біздің мақсат еліміздің барлық саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру.