Қазақстан мен Италия инвестициялық әлеуетті арттырады

Қазақстан стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізуге ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы жан-жақты мәлімет берді.  Мемлекет басшысы  әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі екенін тілге тиек етті. Бұл бағытта бірқатар кешенді шаралар іске асуда. Мәселен бизнесті қолдау үшін қажетсіз талаптар жойылып, Инвестициялық кеңес құрылды. Әріптестік салаларына келсек, олардың қарасы қалың. Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінен бөлек, жасыл энергетика, фармацевтика, IT, шикізатты өндіру және өңдеуге басымдық береді.  
 
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 трлн доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады.
Әлемде азық-түлікке тапшылықтың артуын ескерсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және аграрлық сектордағы кооперацияның  өзектілігі артып отыр. Бұл ретте көлік-логистика саласының мүмкіндіктерін арттырудың әлеуеті зор. Мемлекет басшысы инвесторларды біздегі айлақтарды дамыту және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырды. Кездесу соңында италиялық бизнес өкілдері мен отандық компаниялар энергетика, инвестиция және өнеркәсіп салаларына қатысты 4 келісімге қол қойды.
Нұрлан Жақыпов, «Самрұқ-Қазына» қорының басқарма төрағасы:
- Біз Balestra компаниясымен келісімге қол қойдық. Сол келісімге сәйкес, біз Түркістан облысында күкіртқышқыл зауытын ашамыз. Бұл зауыт «Казатомпром» өнеркәсібінің еншілес компанияларын күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі бизнес өкілдерімен екі жақты кездесулер өткізді. Олар өздерінің әріптестік жоспарларымен бөлісті. Мәселен, Эни Маңғыстау өңірінде газ өңдеу зауыты мен гибридті электр станция салуға ниет танытып отыр. Майра Текнимонт компаниясы газ-химия кешенін іске қосуға атсалысады. Неос компаниясы әуе қатынасын реттеуге қатыспақ. Ал Бонифике Ферариси Қазақстанның аграрлық секторында холдин құруға қызығушылық танытты.