Қазақстан мен Италия өзара тауар айналымын 20 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Италия өзара тауар айналымын 20 млрд долларға жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналым 20 млрд долларға жетуі мүмкін. Қазір өзара сауда-саттық көлемі 15 млрд долларға жуықтаған. Әлеует әлі де бар. Қазақстане Президентінің ресми сапары елдер арасындағы тиімді қарым-қатынастардың дамуына одан әрі қарқын қоса түсуге бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Серджо Маттареллаға шетелдік инвесторлар үшін тартымды салалар туралы мәлімет берді. Мемлекеттер басшылары кездесуде Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды. БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен ынтымақтастығын дамыту әлеуетін талқылап, көлік және логистика саласындағы тиімді ықпалдастықты тілге тиек етті. Айта кетейік биыл Римде «Орталық Азия + Италия» форматында кездесу жоспарланған.  Кейін бұл кездесу  2025 жылы Қазақстанда өтпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони келіссөз жүргізді. Тараптар әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі экономикалық ынтымақтастық пен табысты өзара іс-қимылдың серпінін ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Президент Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады. Кездесу қорытындысы бойынша 7 құжатқа қол қойылды.