Қазақстан мен Өзбекстан Аралдың экологиялық ахуалын жақсартады
Қазақстан мен Өзбекстан Аралдағы экологиялық ахуалды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлейді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жұмыстың негізгі бағыты – экожүйені тозудан қорғау. Тараптар Сырдария өзенінің экологиялық жай-күйін саралайды. Су сапасы көрсеткіштерінің тізбесін бекітеді. Мемлекеттік экологиялық бақылау мәселелері талқыланады.
Өзбек тарапымен климаттық мәселелер аясындағы ынтымақтастық – парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша үздік тәжірибемен алмасуды көздейді. Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтату бойынша қазақ-өзбек тараптарының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді.
Қазіргі таңда Арал теңізінің 6 миллион гектары құрғап қалған. Оның ішінде Қазақстандағы аумағы 2,8 миллион гектар. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Арал теңізінің аумағында 1,1 млн гектар жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізуді тапсырған еді.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

