Қазақстан Өзбекстан және Қытаймен су бөлу жөніндегі келісімге қол қоюға ниетті

Қазақстан Өзбекстан және Қытаймен су бөлу жөніндегі келісімге қол қоюға ниетті

Қазақстан көршілес Қытай және Өзбекстан мемлекеттерімен суды бөлу жөніндегі үкіметаралық келісімдерге қол қоюға ниетті. Аспан асты елімен келісім трансшекаралық өзендерде су бөлуді көздейді. Өзбекстанмен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқаруға және пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл шаралар алдағы 6 жылға есептелген Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көрсетілген. Құжатты ведомство басшысы таныстырып, ол Үкімет отырысында қабылданды. Нұржан Нұржігітов атап өткендей, Қазақстанда сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып табылады. Сондықтан тараптардың уағдаластығы мемлекетаралық су қатынастарын дамытуға ықпал етеді. Ең бастысы өңір елдері бірлесіп су-энергетика секторындағы ынтымақтастық тетігін әзірлейтін болады. Бұдан басқа, Қазақстан арнайы конвенцияны ратификациялауға ниетті.

 

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңының жобасы Мәжілісте қаралып Сенат қарауына енгізілді. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм болып табылады. Қазіргі уақытта Конвенцияның қатысушысы 37 мемлекет. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде тек Өзбекстан Республикасы Конвенцияның мүшесі.