Көлік саласына инвестиция салу қарқыны күшейеді

Қазақстанда темір жол, теңіз көлігі, авиация мен автомобиль жолдарына қатысты 98 инвестициялық жобалардың тізбегі жасалды. Олардың жалпы құны 31 млрд теңгеден асады. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, алдағы бірнеше жылда салаға 40 млрд доллар қаражат тарту керек. Себебі, елдің транзиттік қабілетін ұлғайтып, бұл бағытта жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру маңызды. Ведомство көлік саласына қыруар қаражат инвестиция тартудың жолдарын да жіктеп берді. Оның біреуі – жеке инвесторларға магистралды темір жолдардың жанында жаңа жолдар салуға рұқсат беру. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында да темір жол саласын дамытуға болады.

Әуе тасымалына келер болсақ, инвесторларды қаржы салуға итермелейтін жеңілдіктер ұсыну жоспарлануда. Олардың ішінде, әуежайларда арнайы экономикалық аймақтар құру, тарифтік жоспарды өзгерту, әуе отынын өндіруді көбейту, техника мен жабдық сатып алуға несие беру секілді шаралар бар.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазақстандық делегация инвестиция тарту мақсатында, Бельгия, Нидерланд, Румынияға барып-келген. Ол елдерде салалық министрлік өкілдерімен кездесу өткізген. Келіссөздер нәтижесінде, салалық құрылымдар, қаржылық ұйымдар және еуропалық инвесторлар арасында бірқатар шарттарға қол қойылған.