Қыз алып қашқандар 20 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді
Енді қыз алып
қашқандар 20 млн теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Мәжіліс осыған мүмкіндік
беретін заң жобасына өзгерістер енгізді. Айыппұлдан бөлек қылмыстық құрам
анықталса түрмеге тоғыту жазасы да қаралған. 2 жылдан 10 жылға дейін. Мысалы:
қыз бала 18 жасқа толмаған болса, оған күш қолданылса, айыпталушы 5 жылдан 7
жылға дейін сотталады. Ал, салынатын айыппұл 2 мыңнан 5 мың айлық есептік
көрсеткішке дейін барады. Яғни 20 млн теңгеге дейін. Депутаттар қыз алып қашу -
бұл салт емес, қылмыс деп отыр. Ол үшін нақты жауапкершілік болуы тиіс. Соңғы
үш жылда қыз алып қашу және күштеп некеге тұрғызуға қатысты 214 шағым түсті.
Тек 10-ы ғана сотқа жеткен.
Абзал Құспан, ҚР
Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Бұның
маңыздылығы - жыныстық ерекшелігі болмайды. Яғни, бұл әйел адамға да қатысты
қолданылуы мүмкін, ер адамға да қолданылуы мүмкін. Үш бөліктен тұрады. 125 бап
пр1 деген жаңа бап қосылды қылмыстық кодекске. Бірінші бөлігінде егер әр түрлі
ақпараттарды таратамын деп, басқалай монипуляция жасау арқылы некеге
мәжбүрлейтін болса, ол өз алдына бөлек қылмыстық әрекетті құрайды.
Дропперлер
қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Қылмыстық-атқару
кодексіне енгізген тағы бір өзгерту дропперлерге қатысты. Енді олар да
жауапкершілікке тартылады. Қазіргі заң бойынша қылмыстық алаяқтық жасауға
жәрдемші болып табылатын мұндай қылмыскерлер іске тек куәгер ретінде ғана
келіп, арам пиғылдары дәлелденсе ғана «алаяқтың сыбайласы» ретінде сотталатын.
Енді ұсынылған өзгертуге сәйкес дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартудың
нақты уақыты белгіленеді.
Абзал Құспан, ҚР
Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Банк шотына
заңсыз рұқсат бергені үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал банк шоты
арқылы үшінші тұлғаның пайдасына заңсыз төлем жасағаны және ақша аударғаны үшін
бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Дропперлер» деп
саналатындар банк есепшотын басқаруға рұқсатты заңсыз алғаны үшін жауапқа
тартылады және жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

