Мемлекет Басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Мемлекет Басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

ЕАЭО аясында экономикалық резервтер мен интеграция әлеуетін барынша іске қосу. Бұл 2024 жылға болжанып отырған және бүкіл жаһандық жүйе күтетін елдер экономикасының өсуінің баяулауына қарсы тұруға көмектеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселе бойынша Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты. Президенттің пікірінше, Одаққа мүше елдер үшін технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі. Ол отырыста қабылданған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясында көрініс тапты. Бұл өз кезегінде тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикамсының Президенті:
- Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. Еуразиялық экономикалық одақтың біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізер еді. Электронды сауда саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мол мүмкіндік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтағы аталған нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің әлемдік нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесін арттыру қажет. Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, агроинновациялық орталықтар құру мәселесін пысықтау керек. Мемлекет басшысының пікірінше, одақ Еуразия кеңістігін байланыстыратын стретегиялық буын қызметін атқарады. Осы мақсатта Президент ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикамсының Президенті:
- Бұл жерде, ең алдымен, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту туралы сөз болып отыр. Осы орайда Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағаны қуантады. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын.

Сонымен қатар ІТ саласы да назардан тыс қалмады. Президент Үнді мұхиты жағалауымен өтетін халықаралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақстан – Иран» бағытында талшықты-оптикалық желі тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл Одақтың жаһандық деңгейдегі позициясын күшейтеді. Сонымен қатар бірлестік өзге елдермен де сауда-экономикалық қатынастарды дамытуы тиіс. Мысал ретінде Иранды келтірді. ЕАЭО елдері еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн.