Қазақстанның жастары қай салаларда жұмыс істегенді жөн көреді?

Қазіргі уақытта жас қазақстандықтардың тең жартысына жуығы сауда, білім беру және ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Өнеркәсіп, құрылыс және логистика саласында нәпақа табуға ниетті жастардың қатары сиреп барады. Көбі тіпті мемлекеттік қызметтті таңдауды қойған. Яғни бүгінгі таңда жастардың табыс көзіне қатысты қалауы өзгерді, дейді статистика бюросы. Сарапшылар бұл реттегі бағалауда халықаралық еңбек ұйымының талаптарын негізге алған. Сондықтан осы есепте 15 пен 28 жас аралығындағы азаматтар жастардың санатына жатады.

Мамандар елдегі жастардың тек 2 миллионға жуығы ғана тұрақты жұмыс істейді деген дерек келтіріп отыр. Шамамен 80% жалдамалы жұмысшылар болса, қалғаны өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Осы ретте 14 жарым мың белсенді жас жеке ісін басқарады. Яғни, өзгелерді жұмыспен қамтитын табыс көзін ашқан.