Қазақстанда ең танымал ұлттық спорттың бес түрі белгілі болды

Бұл ретте үздік бестікті бәйге тұйықтайды. Сәйгүліктерді жарыстыру – халық арасында ең көп тараған ат спорты. Бүгінде елімізде 21 мыңға жуық адам шабандоздық өнердің қыр-сырын меңгеруде. Асық атқан озар демекші бүгінде ептілік пен мергендікке машықтайтын дәстүрлі ойынмен 77 мың отандасымыз ресми шұғылданады. Сәйкесінше 4-ші орын. Одан бір саты жоғары көкпар жайғасты. Бұл ойынмен 78 мың азамат әуестенеді. Екінші орын қазақ күресінің еншісінде. Жекпе-жек түрлерінің ішінде палуандардың белдесулері қатысушылар мен жанкүйерлер саны бойынша алдыңғы қатарда. Боз кілемде иық тіресуге 160 мыңға тарта ел мықтысы бел буып жүр. Кең тараған ұлттық спорт түрлерінің көш басында тоғызқұмалақ тұр. Жас ерекшеліктеріне шектеуі жоқ, жыныс талғамайтын бұл ойынның үйірмелеріне 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады.