Олимпиадада 45 мыңнан астам ерікті еңбек етіп жүр
Париж Олимпиадасында әлемнің 150 елінен 45 мыңнан астам волонтер еңбек етіп жатыр. Олар көрермендерге жол көрсетіп, сайысқа қажетті құралдарды орнатады. Көмек беріп жүргендердің арасында қазақстандықтар да бар. Солардың бірі – 21 жасар Ернұр Жақсылық. Франциядағы Льюмер Лион университетінің студенті. Саясаттану факультетінде оқып жатқан ол 5 тілді жетік меңгерген. Ізденімпаз жігіт спортпен де тұрақты түрде шұғылданады. Дүбірлі додаға жәрдемдесуге ұмтылысы да сонымен байланысты екен.
Айта кетсек, Олимпиадада ерікті болудың өзіндік талаптары бар. Бұл позицияға өтінім қабылдау жарыстан бір жыл бұрын басталады. Құжаттарды тапсырып, сұхбаттасу кезеңінен өту керек. Бәрі сәтті болса, арнайы оқу-жаттығу жиындарына шақырту келеді.

