Сенат бизнес жүргізуге қатысты заңды Мәжіліске қайтарды

Сенат бизнес жүргізуге қатысты заңды Мәжіліске қайтарды

Кәсіпкерлік қызмет саласындағы ұлттық заңнаманы жаңғырту және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін ел Сенаты тиісті заң жобасын қарады. Алайда оның кейбір нормаларымен келіспеген депутаттар бірқатар түзетулер мен ұсыныстар жасап, құжатты кері Мәжіліске қайтарды. Сенаторлар енгізген өзгерістер заңның жекелеген нормаларын реттеуші саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруді көздейді. Сондай-ақ сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін белгілеуге бағытталған. Сонымен қатар жоғары палата депутаттары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды іске асыру тәртібін қарастыруды ұсынып отыр. Бұл ретте халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын атаулы қолдау жағы ескерілген. Бұған қоса еліміздегі өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді жетілдіруге қатысты бастама көтерілді. Депутаттар бейінді ведомствалардың өкілдеріне осы басымдықтарға мән беруді алға тартты. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі түсіндіргендей, жұмыс тобының мүшелері талқыланып жатқан заңды жетілдіру бойынша ауқымды іс тындырған. Тимур Жақсылықовтың дерегінше, заңды әзірлеу барысында үш мыңға жуық нормативтік құқықтық актілер мен 128 мың міндетті талаптар қаралып, оның 10 мыңы жаңа реттеу саясатына сәйкес келмейтіні анықталған.

 

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

-Бизнесті тексерулердің саны 2,5 есеге қысқарады. Мәселен бұл мораторий енгізілгенге дейін елде 2019 жылы жылына 120 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектіге тексеріс жүргізілген. Бұл заңның қабылдануының нәтижесінде олардың саны 45-50 мыңға дейін азаяды деп күтілуде. Бұған қоса тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйелерінің негізінде бақылау нысандарына автоматтандырылған іріктеу енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ талаптар біршама төмендетіледі. Сайып келгенде бұның бәрі бизнес жүргізудің ахуалын айтарлықтай жақсартуға негіз болады деп санаймыз.